KzylOrda - ни дня без инсайда

Тұрғын үй сатқанда кімдер салық төлейді

Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Айгүл Аббасова келесі жылдан бастап мүлікті сатқанда 10% жеке табыс салығын (ЖТС) қандай жағдайда төлеу керек болатынын түсіндіріп берді, деп хабарлайды LS.

Оның мәліметінше, азамат пәтерді сатып алғаннан кейін екі жыл өтпей сатқан жағдайда, сатып алу мен сату бағасының айырмасынан 10% мөлшерінде жеке табыс салығын төлеуі тиіс. Ал егер жылжымайтын мүлік екі жылдан астам уақыт иелігінде болса, салық салынбайды. Қазір бұл мерзім бір жыл болып белгіленген.

"Жаңа Салық кодексіне сәйкес, мүлікті екі жыл иелікте ұстау талабы тек 2026 жылдың 1 қаңтарынан кейін сатып алынған жылжымайтын мүлікке қатысты болады. Мәселен, егер пәтер 2025 жылы сатып алынып, 2026 жылы сатылса – қазіргі бір жылдық ереже қолданылады. Ал егер сатып алу 2026 жылдан кейін жүзеге асса, онда салықтан босатылу үшін мүлікті кемінде екі жыл иелікте ұстау қажет", – деп түсіндірді А. Аббасова.

Сонымен бірге, бұл талап тек пәтерлерге ғана емес, өзге де жылжымайтын мүлік түрлеріне қолданылады. А. Аббасованың айтуынша, оған жер учаскелері, жеке қосалқы шаруашылық нысандары, автотұрақтар, саяжай үйлері, гараждар мен қоймалар және басқа да объектілер кіреді.

Сондай-ақ, ол құрылыс кезеңінде үлес сатып алған азаматтарға бұл норма қалай қолданылатынын да түсіндірді.

"Мұндай жағдайда азаматтар дайын пәтерді емес, тұрғын үй құрылысына қатысу үлесін сатып алады. Кейбір нысандардың құрылысы ұзаққа созылып, тіпті аяқталмай қалуы мүмкін. Қолданыстағы заңнамада мұндай жағдайда сату мерзіміне шектеу қойылмаған, бірақ азамат ЖТС төлеуге міндетті. Ал жаңа Салық кодексіне сәйкес, үлестік құрылыс нысандарындағы меншік иелігі мерзімі үш жыл болып белгіленеді. Яғни, тіркелген мүлікке – екі жыл, ал үлестік құрылысқа- үш жылдық талап қолданылады", – деп түйіндеді МКК өкілі.

Бұған дейін, Алматыда екінші деңгейлі тұрғын үйдің бағасы рекордтық деңгейге жеткені хабарланған болатын.

На верх