Абай облысында 150-ден астам жол полициясының қызметкері қажет

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген кеңес барысында айтылды.
Абай облысының әкімдігінде аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиынға облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері, ал қала және аудан әкімдері бейнережимде қатысты.
Кеңесте өңірдегі қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын іске асыру, мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері қаралды. Абай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Елдос Закимов баяндама жасады. Аймақта қоғамдық тәртіпті күзетуге күнделікті 1000-нан астам полиция қызметкері жұмылдырылған. Облыс аумағында 120 учаскелік полиция пункті, 2 стационарлық пост бар. Талдау нәтижесі бойынша қосымша 45 учаскелік пункт қажеттілігі туындап отыр. Жиында Семей қаласындағы жаяу жүргіншілер өткелдерін жарықтандыру мәселесі көтерілді.
Өңірдің автомобиль жолдарының ұзындығы 10555 шақырымды құрайды. Бұл — республика бойынша 2-інші көрсеткіш. Алайда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін инспекторлар саны жеткіліксіз. Қазіргі таңда халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардың тек 37 пайызы ғана патрульмен қамтылған. Яғни, облысқа 150-ден астам жол полициясы қажет .
"Жаңа сіз көрші Шығыс Қазақстан облысында 152 батальон қызметкері бар дедіңіз. Бізде бар болғаны 90. Бір инспекторға 400 шақырымнан артық жол аумағы бекітілген. Қоғамдық тәртіпті сақтайтын полиция қызметкерлерінің жетіспейтінін де білеміз. Штат мәселесін басқа облыстармен салыстырып, нақты анықтама дайындаңыздар. Бұл мәселені салалық министрлікке, Үкіметке жеткіземін. Өйткені, адам өмірі, жолаушылардың қауіпсіздігі – бәрінен де маңызды", – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы қалыптасқан жағдайды ретке келтіру үшін бірқатар нақты тапсырмалар берді. Полиция департаментіне барлық жол белгілерінің талаптарға сәйкестігіне талдау жүргізіп, қосымша қажеттілік бойынша ұсыныстар енгізуді, бірінші орынбасары Ербол Садырға жоғарыда аталған іс-шараларға қосымша бюджет қаражатын бөлу мүмкіндігін қарастыруды жүктеді. Қала-аудан әкімдеріне жол-көлік оқиғалары мен жаяу жүргіншіні қағу фактілерін азайту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді міндеттеді.
Кеңесте Абай облысындағы мемлекеттік қызмет көрсету барысы туралы облыс әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтерді мониторингілеу бөлімінің басшысы Айжан Искакова баяндады.
Облыс әкімі мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде заң талаптары мен бекітілген мерзімдердің қатаң сақталуы қажеттігін атап өтті. Цифрлық технологиялар басқармасына 1 маусымға дейін өңірде "Халыққа мінсіз қызмет көрсету орталығын" құру мәселесі бойынша нақты ұсыныстарды беруді міндеттеді.
Аппарат басшысына мемлекеттік қызмет көрсету бойынша кемшіліктер орын алған жағдайда бірінші басшының жауапкершілігін қарау тәжірибесін енгізуді тапсырды. Кеңейтілген аппараттық кеңесте облыс әкімі кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталып, көпқабатты тұрғын үйлерде терезеден құлау жағдайларын болдырмау үшін тұрғындармен түсіндіру жұмысын күшейтіп, "Таза Қазақстан" бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан шараларды жалғастыру қажеттігін айтты.
Сурет: Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі, ПД баспасөз қызметі