Семейде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы ашылды
Дағдарыс орталығының мақсаты психологиялық және әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу.
"2022 жылғы 23 маусымда Мемлекет Басшысы республика бойынша әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі дағдарыс орталықтарын құруды тапсырды. "Дағдарыс" орталығы бүгінгі таңда 10-нан аса маманды тұрақты жұмыспен қамтып, 25 төсек орын қоры арқылы жыл сайын алдын-ала болжам бойынша 50 ананы оңалту шараларын ұсынатындығы көңіл қуантады",- деді қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов.
Орталықта зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдарды оңалту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, арнаулы әлеуметтік қызметтердің 8 түрі көрсетіледі.
Әйел қауымының бос уақытына арналған теледидар мен жұмсақ жиһаз орнатылған демалыс бөлмелері қарастырылған. Сонымен қатар, ғимаратта оқыту үшін тренинг, семинарлар өткізуге арналған зал бар. Барлық жерде бейнебақылау орнатылған.
Сурет: Семей қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі