Жапониядағы EXPO: Қазақстан әлемді немен таңғалдырады
Қазақстан EXPO 2025 Osaka көрмесінде медицина мен технология саласындағы инновацияларын ұсынады. Бұл туралы толығырақ профильдік ұйым LS-ке мәлімдеді.
QazExpoCongress ұйымының LS-ке ресми сұранысқа берген жауабына сәйкес, іс-шара биылғы жылдың 13 сәуірі мен 13 қазаны аралығында өтеді.
Қазақстанның Ұлттық күні EXPO 2025 көрмесінде 10 тамыз – Абай күніне орай аталып өтеді. Осы күні мемлекеттік туды көтеру рәсімі өткізіліп, қазақстандық әртістердің қатысуымен этноконцерт пен салтанатты шеру ұйымдастырылады.
Қазақстанның павильоны "Өмірді біріктіру" атты тақырыптық кластерде орналасады. Бұл интерактивті кеңістік елдің тарихын, мәдени әртүрлілігін, сондай-ақ, экология, туризм, ауыл шаруашылығы, инновациялар мен экономика салаларындағы әлеуетін таныстырады.
Көрмеде Қазақстанның көршілес павильондары Оңтүстік Корея, Германия, Люксембург, Непал, Әзербайжан, Иран, Монако және Түркия елдеріне тиесілі болады.
Павильонның жалпы ауданы – 75 шаршы метр, оның ішінде 63 шаршы метрі көрме аймағына, ал 12 шаршы метрі кеңсеге бөлінген.
Еліміздің философиясы үш негізгі қағидаға негізделеді: толеранттылық, бірлік және әлеует.
"Өмірді біріктіру" тақырыбын ашудың негізгі символы – шанырақ болады. Ол әртүрлі мәдениеттер мен халықтарды жақындастыруды бейнелейді.
Сонымен қатар, қонақтар төрт негізгі аймақты тамашалай алады: Connecting the Legacy (Мұраны жалғау), Connecting People (Адамдарды біріктіру), Connecting Opportunities (Мүмкіндіктер синергиясы), Connecting Lives (Өмірді біріктіру).
Интерактивті кеңістік Қазақстанның өткені мен бүгінін, қазақ халқының дәстүрлерін сақ дәуірінен бастап Алтын адам, хандар, Алтын Орда және Жібек жолы кезеңдеріне дейін көрсетеді. Келушілер Абай Құнанбайұлы сияқты тарихи тұлғалар туралы ақпарат ала алады.
Бұдан бөлек, павильонда Қазақстанның әлемдік спорттағы жетістіктеріне ерекше назар аударылады. Оның ішінде Олимпиада ойындарындағы жеңістер мен танымал спортшылар туралы материалдар ұсынылады.
Интерактивті технологиялар тұрақты даму мен жасыл өнеркәсіпке көшу тақырыптарын қамтиды. Қазақстан көрмеде өзін Шығыс пен Батыс арасындағы көпір ретінде көрсетуге басымдық береді.
Келушілерге елдің табиғи қорықтары, ресурстары, туристік орындары, инвестициялық және экспорттық мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсынылады.
Сонымен қатар, павильонда ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) құрылғысы ерекше назарға алынады. Бұл донорлық органдарды ұзақ уақыт сақтау және трансплантациялауға арналған инновациялық аппарат көрме аясында таныстырылады.
QazExpoCongress өкілдерінің айтуынша, Қазақстанның EXPO 2025 Osaka көрмесіне қатысуы дипломатиялық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ, елдің инвестициялық және туристік әлеуетін ілгерілетуге ықпал етеді.
EXPO 2025 Osaka көрмесінің жалпы тақырыбы – "Өміріміз үшін болашақ қоғамды құру". Оның басты бағыттары – "Өмірлерді құтқару", "Құқық пен мүмкіндіктерді кеңейту" және "Өмірлерді біріктіру". Ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, көрмеге 160 ел мен 9 халықаралық ұйым қатысады, ал келушілер саны 28,2 миллион адамға жетеді деп болжануда.
Бұған дейін, LS редакциясы Жапонияның Қазақстанды шаңғымен, ал Таиландтың конькимен қамтамасыз ететіні туралы инфографика жариялаған болатын.