Атырау облысында жол апатынан шетел азаматы көз жұмды
Атырау облысында полиция қызметкерлерінің ескертуін елемеген шетелдік жүргізуші қарсы бағытта келе жатқан жүк көлігіне соқтығысты. |
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Қазақпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Жол-көлік оқиғасының салдарынан жеңіл көліктегі өзбекстандық әйел мерт болды. Екі жолаушы медициналық көмекке жүгінді.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы 20 қаңтарда болған.
«Жол апаты 20 қаңтар күні сағат 16:30 шамасында республикалық маңызы бар Ақтөбе-Атырау-Астрахань тас жолының 659-шақырымы тұсында тіркелді. Сhevrolet Cobalt маркалы көліктің рульінде Өзбекстан Республикасының 1992 жылғы азаматы болған. Шетелдік жүргізуші көліктің басқара алмай, қарсы бағытта келе жатқан Mercedes Benz Actros маркалы жүк көлігіне соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасының салдарынан Chevrolet Cobalt автокөлігінде отырған 1982 жылғы жолаушы қаза тапты. Марқұм болған әйел Өзбекстан Республикасының азаматы екені анықталды», — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, жеңіл көлікте болған 2 жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
«Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Атырау қаласынан Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ресей Федерациясының Астрахан облысы бағытындағы жолмен жүретін жүргізушілерге қауіпсіздік ережесін сақтау жөнінде үнемі ескерту жасайды. Осындай ескерту Атырау қаласының маңындағы Сарыөзек елді мекені тұсында Сhevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісіне берілген. Алайда, полиция қызметкерлерінің ескертуін елемеген жүргізуші жол апатына түсіп, жолаушының көз жұмуына себепші болды», — деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жол апатынан жедел жәрдем қызметкері мерт болғанын жазған едік.